Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің 85 жылдығына орай Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан «Сарыарқа – Ұлы дала өркениетінің алтын бесігі» атты көрменің ашылуы өтеді.
Ашылу күні: 9 ақпан 2024 жыл
Ашылу уақыты: сағ.
Өтетін жері: Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі.
Шақырылған қонақтар: Облыс әкімдігінің аппараты, мәдениет мекемелерінің басшылары, мәдениет орталықтары мен қоғамдық ұйымдар мүшелері, БАҚ, ЖОО-ның студенттері, мектеп пен гимназия оқушылары.
Экспозицияның мақсаты: қазақ халқының материалдық және рухани мұрасын таныту, тамыры терең тарихымен, тұғыры биік тұлғаларын дәріптеу, облыстар арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, Орталық Қазақстанның бай материалдық және рухани мұрасымен таныстыру.
Қарағанды облысы 1932 жылы 10 наурызда орталығы Петропавл қаласы болып құрылды. 1936 жылдан бастап аймақтың әкімшілік-мәдени орталығы Қарағанды қаласы болып табылады. Қарағанды облысының аумағы 428 мың шаршы км-ді құрайды. Облыс халқының саны 1 миллион 358 064 адам.
Қарағанды облысы – Қазақстанның тарихи орталығы болып табылады. Оның аумағында Қазақ хандығының кезеңіндегі ұлы жерлердің бір – Ұлытау, ежелгі металлургиялық кешен – Алат қонысы, «Қазақстан пирамидасы» – Қаражартас кесенелері орналасқан.
Қарағанды облысы ежелгі Жібек жолының солтүстік тармағы өз аумағы арқылы өтетіндігімен танымал. Тарихи жағынан, бұл аймақ Қазақстан мен басқа елдер арасындағы сауда артериясы, экономикалық және мәдени алмасу арнасы болды.
Бүгін Қарағанды облысы – Қазақстандағы жетекші орынды иеленетін қуатты индустриялық орталық және Қазақстанның ең ірі өнеркәсіптік аймағы.
«Сарыарқа- Ұлы дала өркениетінің алтын бесігі» көрмесі VІ бөлімнен тұрады:
I бөлім «Алтын адам және Қарағанды облысының археологиялық ескерткіштері»
Археологиялық деректер көшпелілер өркениетінің өзіндік баға жетпес бір құндылығы болып табылады. Осы мұралардың барлығы – бұрынғы өткен өркениеттер мен мәдениеттерді жадында сақтап отырған тілсіз куәлар. Ежелгі мәдениеттер мен этностардың өзара тығыз байланысын жаңғырта отырып, олар өткен замандар мен бүгінгінің дәнекері болмақ. Бұларсыз бүгінгі халықтарды біріктіріп отырған ортақ желіні түсіну де қиын. Міне, сондықтан да Орталық Қазақстанның заттық мәдениет ескерткіштері бүкіл әлем ғалымдарының үлкен қызығушылығын туғызуда.
Мемлекеттік «Мәдени мұра» және «Халық тарих толқынында» бағдарламалары бойынша жүргізілген археологиялық экспедициялар барысында қола дәуіріне, ерте темір дәуіріне және орта ғасырларға жататын археологиялық музейлік жәдігерлермен танысуға болады. Бұл жерде б.з.д. YІІ – YІ ғғ. сақ жауынгерінің реконструкциясы қойылған (Қарқаралы ауданы, Қ.Аманжолов ауылы, Талды-2 қорымы, ерте темір дәуірі), сонымен қатар кейінгі жылдары ашылған Қаражартас, Тобылды қорымдарының, діни-ғұрыптық құрылыстардың, қалашықтардың фотоматериалдары орын алған. Кейінгі жылдары облыс аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған құнды жәдігерлермен таныса аласыздар.
II бөлім «Сарыарқаның қасиетті жерлері»
Бұл бөлімде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде Қарағанды өңірінің қасиетті жерлер тізіміне енген архитектуралық, археологиялық және өңірдің ерекше табиғи орындарының фотосуреттері көрсетілген. Олар: Алашахан, Жошыхан кесенелері, Хан ордасы, Ағыбай батыр, Тәттімбет, Сеңкібай батыр, Жидебай батыр мазарлары, Құнанбай қажы мешіті, Қызылкеніш сарайы және Бектауата тауы, «Қазақстан пирамидасы» – Қаражартас мавзолейінің фотосуреті.
III бөлім«Арқа жерінің этнографиясы»
Сәндік-қолданбалы өнер топтамасы: ат әбзелдері, тұрмыстық бұйымдар, зергерлік бұйымдар ұсынылған. Көрмеге жауынгердің құрал-жабдықтары – дулыға, сауыт, қолшоқпар, қылыш және қазақ халқының дәстүрлі қоғамының тұрмыстық заттары қойылған.
IV бөлім «Қоянды жәрмеңкесі»
1848 жылы Қарқаралы бекінісінен 52 шақырым қашықтықтағы Қоянды деген жерде айырбас сауда орталығы ашылды. Алғашында оның аумағы 2 шаршы шақырым ғана еді. Кейіннен осындағы Талды даласы түгелдей қайнаған қызу сауда алаңына айналып кетті. Жәрмеңке ұзындығы 11 шақырым, ені 5 шақырым жерді алып жатты. Талды өзенінің бойында орналасуының басты себебі, сатуға әкелінген малды уақытша жаюға жері құнарлы суы мол, шөбі шүйгін. Қоянды жәрмеңкесінің 170-жылдығына арналған экспозиция ерекше көзге түседі. Бұл жерден тұрмыстық бұйымдарды – сүлгі, май шайқағыш, көкөніс кескіш, шөген, шойын үтіктер, рубель (мата үтіктегіш), самаурындар, жүн және зығыр түткіш, жез шәйнектер, құмандарды және т.б. көре аласыздар.
V бөлім «Болған ана» 2 Болған ана
Ұлт ұясы Ұлытау өңіріндегі Болған ана кесенесіне археологиялық зерттеу жұмыс¬тары 2018 жылы басталып, қазба жұмыстары нәтижесінде біраз құнды жәдігерлер та¬былған. Бұл зерттеулер Ұлттық музейдің жауап-ты ғылыми қызметкері, археолог Айбар Қа¬сенәлінің жетекшілігімен жүзеге асты. Жас талантты ғалым бұған дейінгі тарихи деректерде Болған ананы Шыңғыс ханның қызы немесе келіні деп айтылып келгенін, бірақ соңғы жылдардағы генетикалық сарап¬таманың алдын ала нәтижесінде ол Жошы ханның қызы деген болжамды келтіреді.
«Болған ана сүйегіне антропологиялық зерттеу Жапония мен Ұлыбританияда жасалды. Бүгінгі көрмеде Болған ананың сол кездегі жаңғыртылған бейнесін қойып отырмыз. Бұл жұмыс бірнеше антрополог және мүсіншінің көмегімен іске асты. Археологиялық қазба жұмыстары Болған ана кесенесінен бөлек, Жошы хан, Алаша хан кесенелерінде де жүргізілді» деді ол.
Сондай-ақ көрмеге Болған ана кесенесінен табылған алтын тостаған, жібек матадан тігілген шапан, ер-тоқым, қару-жарақ және тағы басқа заттар қойылып, көпшілік назарына ұсынылды. Ғалымдардың пікірінше, бұл жәдігерлердің бәрі Алтын Орда дәуіріне тиесілі. Археолог, реставратор, көне тоқыма технологияларының маманы Татьяна Крупа ұзындығы төрт метр болатын шапанның көшірмесін жасаған.
VI «Арқаның ардақты азаматтары».
Бұл бөлімде Қарағанды облысының жалпы, қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған тұлғалармен танысуға болады.
Қаз дауысты Қазыбек би, Қазыбек Келдібекұлы – қазақ халқының XVII – XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Ол 1667 жылы Сыр бойында дүниеге келген. Арғы аталары Шаншар абыз, Бұлбұл, өз әкесі Келдібек — есімдері елге белгілі әділ билер болған. Көрмеде Қазыбек бидің суреті, елшілік хаттары, сонымен қатар Қазыбек бидің 350-жылдық мерейтойын өткізуге үлес қосқаны үшін Н.Ә.Назарбаевтың берген алғыс грамотасы және бюсті көрсетілген.
Бұқар жырау Қалқаманұлы (1668-1781) – қазақтың ұлы жырауы, XVIII ғасырдағы жоңғар басқыншыларына қарсы қазақ-жоңғар соғысының бастаушысы әрі ұйымдастырушысы, атақты Абылай ханның ақылшысы. Заманындағы сыншылар оны «Көмекей әулие» деген. Көрмеде Бұқар жыраудың портреті мен хаттары қойылған.
Мәди Бәпиұлы (1880, Қарағанды облысы қазіргі Қарқаралы (бұрынғы Егіндібұлақ) ауданы – 1921, Қарқаралы) – ақын, халық әнші-композитор. Қарапайым халықтың құқығын қорғап, әлеуметтік әділетсіздік және теңсіздікті сынағаны үшін биліктің қудалауына ұшыраған.
Жалған айыппен түрмеге қамалып, Атбасар, Қарқаралы, Семей, Омбы түрмелерінде отырды. Қамауда отырғанда әділетсіздіктерге күйініп, бостандықты аңсаған «Қаракесек» әнін жазды. Халық арасына оның «Үшқара», «Мәди», «Шіркін-ай» және т.б. әндері кең тарады. Көрмеде Мәди Бәпиұлының суреті және өзі қолданған насыбай үккіші мен шоқпары көрсетіледі.
Тәттімбет Қазанғапұлы (1815-1862) – күйші-композитор, домбырашы, шертпе күй орындаушылық мектебінің негізін қалаушылардың бірі, халық күй өнерінің классигі. Көрмеде Тәттімбет Қазанғапұлының өмірбаянын баяндайтын кітаптар мен құжаттар қойылады.
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (5 наурыз 1866, Қарқаралы уезі, Семей облысы, Дала Өлкесі – 27 қыркүйек 1937, Мәскеу) — XIX ғ. соңы мен XX ғ. басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы.
Әлімхан Әбеуұлы Ермеков (1891-1970) — мемлекет және қоғам қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, қазақтың тұңғыш математигі.
Жақып Ақбаев (1876-1934) – Алаш зиялысы, күрескер, қайраткер, Алашорда үкіметінің мүшесі, заңгер. Құқықтану магистрі. Көрмеде Алаш зиялыларына арналған кітаптар қойылады, «Алаш» партиясының қозғалысын зерттеу жайлы кітаптар қойылған.
Сәкен Сейфуллин (1894-1938) – мемлекет қайраткері, ҚазССР Совнаркомының бірінші председателі. «Бірлік» жастар ұйымының мүшесі. 1914 жылы «Жас қазақ» революциялық ұймының басшысы. Көрмеде Алаш зиялыларына арналған кітаптар қойылады, «Алаш» партиясының қозғалысын зерттеу жайлы кітаптар қойылған.
Қали Байжанов (1877-1966) – әнші, Қазақстанның халық артисі (1945). Байжановтың әншілік дарыны ерте оянып, ауыл арасында “әнші бала” атанған. Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан (1936). 1932 жылдан өмірінің соңына дейін Қарағанды радиокомитетінде хор артисі және әнші болып қызмет атқарды. Көрмеде Қали Байжановтың фотосуреті, шапаны және домырасы көрсетіледі.
Жәмилә Нұрмағанбетқызы Шашкина (1914-2009) – әнші актриса. Қазақстанның халық артисі (1962ж). Қарағандыда қазақ драма театрының негізін қалаушылардың бірі. Көрмеде Ж.Шашкинаның домбырасымен сахналық көйлегін көре аласыздар.
Әбдіров Нұркен (1919-1942) – әскери ұшқыш-штурмовик, сержант, Кеңес Одағының Батыры (1943 ж. қаза болған соң берілген). Көрмеде Н.Әбдіровтың портреті, хаттары, мадақтау қағазы, қабірінен әкелінген топырақ көрсетілген.
Тоқтар Әубәкіров (1946) – Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Ұшқыш-сынақшы, Кеңес Одағының батыры, тұңғыш қазақ ғарышкері. Баннерларда Қарағанды облысындағы діни-ғұрыптық құрылыстар, Қоянды жәрмеңкесі, мәдени нысандар, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров туралы ақпараттар ұсынылған.
VIІ бөлім «Кеншілер қаласы»
Бұл бөлім Қарағанды қаласының құрылу тарихына, көмір бассейінің дамуы мен өркендеуіне арналған. Алғашқы геологтар мен шахталардың, 30-жылдардағы Қарағанды қаласының бірегей фотосуреттері көрсетілген. Көлемді жәдігерлерден шанадағы көмірдің муляжы, 30-жылдардағы кеншілердің құрал-жабдығы – каска, шойын балға, қайла, кеншілердің қол шамы қойылған.
Анықтама телефондары: 8(7212) 56-58-89, 30-11-36.